Атаулы жылдың құрметіне елші Рольф Мафаэль облыстық тарихи-өлкетану музейінде ағайынды Гриммдердің немістің Кассель қаласындағы музейінен көрме ұйымдастырды. Онда ертекшілердің шығармашылығы, өмірбаяны туралы материалдар, шығармаларынан суреттер қойылған, ХІХ ғасырдағы Гриммдер кітабы көрсетілген. Аталған көрме осыған дейін Ресейде, Қазақстанның Өскемен, Семей қалаларында көрсетілген. Көрмені ұйымдастыруға немістердің Қостанай облысындағы «Возрождение» мәдени орталығы да атсалысты. Олар көрмені облыстағы неміс ұлтының өкілдері тұратын Таран және Қостанай аудандарынан әкелінген жәдігерлермен толықтырды. Олар көрменің ашылуымен бірге алдағы келе жатқан Рождество құрметіне дастархан жайып, неміс ұлтының дәстүрін көрсетті.
«Немістер Рождествоға жүзбеден түрлі тағамдар дайындайды. Немістер ішетін, 12 түрлі шөп пен жидектерден жасалатын шараптан келгендер ауыз тиді», дейді «Возрождение» неміс мәдени рталығының төрайымы Елена Шик.
Ағайынды Гриммдер көрмесін қостанайлықтар бір ай бойы тамашалайды. Көрменің ашылу салтанатынан кейін елші журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді, онда екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы айтып берді.
Нәзира Жәрімбет
«Егемен Қазақстан»
Қостанай